Оқушы қазақ әдебиеті сабағында мұғалімнің тапсырмасын орындамай, тәртіп бұзған
Қостанай облысының Рудный қаласында сот 14 жастағы оқушының анасына әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыппұл салды. Бұған баласының сабақ кезіндегі тәртібі себеп болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 22 қыркүйекте №2 гимназияда болған. Қазақ әдебиеті сабағында жасөспірім мұғалімнің тапсырмаларын орындаудан бас тартып, тәртіп бұзған.
Сот материалдарында оқушының әрекеті мұғалімге және жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларына құрметсіздік таныту ретінде бағаланғаны айтылған.
Осы жағдайға байланысты кәмелетке толмаған баланың анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сот оны кінәлі деп танып, 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 30 275 теңге айыппұл салды.