Алматыда тапанша мен оқ-дәрі ұстаған әйел қолға түсті (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Әйелдің айтуынша, ол қаруды Есентай өзенінің маңынан тапқан. Полиция тапанша мен бес патронды тәркілеп, оқиғаны тексеріп жатыр

instagram.com/almaty.police видеосынан скрин

Алматыда тапанша мен бес оқ-дәрі табылған әйел ұсталды. Оның айтуынша, қаруды Есентай өзенінің маңындағы қоршаудан тауып алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері Жетісу ауданындағы Райымбек даңғылында әйелді ұстаған. Оның жанынан калибрі 9 миллиметрлік тапанша мен бес патрон табылған. Қару мен оқ-дәрілер тәркіленді.

«Ұсталған әйелдің айтуынша, тапаншаны ұсталғанға дейін бір-екі сағат бұрын тауып алған. Оның сөзінше, қару Есентай өзеніне түсетін жердегі бетон қоршаудың үстінде жатқан», – деп мәлімдеді полиция департаменті.

Полицияның баспасөз қызметі бұл мәліметті тексеру қажет екенін атап өтті. Әйелдің әрекетіне құқықтық баға беріледі.