WhatsApp-та «өсек айтқан» БҚО тұрғыны 500 мың теңгеге жуық айыппұл арқалады

Автор: Алмас Ерсін

Жәнібек аудандық соты жергілікті тұрғынға қатысты әкімшілік істі қарады

Фото: istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысы сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, әйел WhatsApp мессенджеріндегі жеке хат алмасу кезінде танысына оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Мой город» басылымына сілтеме жасап.

Сотта оның кінәсі толық дәлелденді. Дәлел ретінде жәбірленуші мен куәгерлердің жауабы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, сондай-ақ сот психологиялық-филологиялық сараптамасының қорытындысы ұсынылған. Сот отырысында ауыл тұрғыны кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді.

Сот әйелді «Жала жабу» бабы бойынша кінәлі деп танып, 484 400 теңге көлемінде айыппұл салды. Айыппұл мөлшерін анықтау кезінде сот құқық бұзушылықтың сипатын, кінәлі адамның жеке басын және жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, заңда белгіленген тәртіппен соңғы соманы қысқартқан.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.