Оған қатысты әкімшілік іс қозғалды
Жетісу облысында әйел адамның TikTok желісінде тікелей эфирде отырып, бейәдеп сөздер қолданғаны анықталды. Ол Талдықорған қаласының 44 жастағы тұрғыны болып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексеру барысында оның осыған дейін де қоғамдық орындарда лас сөздер айтқаны үшін екі мәрте әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Алайда қабылданған шараларға қарамастан, ол қоғамдық тәртіпті қайта бұзған.
«Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері қажетті материалдарды жинақтап, сотқа жолдады. Істі қарау нәтижесінде әйел кінәлі деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оның кәмелетке толмаған жас балаларының бар екенін ескере отырып, әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындады. Полиция әлеуметтік желілер заң талаптарынан тыс кеңістік емес екенін ескертеді. Көпшілікке арналған тікелей эфирлер барысында жалпыға ортақ әдеп нормаларын сақтау қажет. Бейәдеп сөздер қолдану заң аясында жауапкершілікке әкеп соғады», – делінген ІІМ хабарламасында.
Әлеуметтік желілерге мониторинг жасау, интернет кеңістігіндегі құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу жұмысы тұрақты түрде жалғасады.