Әкесі есірткі салынған 30 орамамен қылмыс үстінде ұсталған
Көкшетауда әкесі мен қызы синтетикалық есірткіні заңсыз сатып алғаны, сақтағаны және сатқаны үшін сотталды. Екі үкімді де қалалық сот биыл шілде айында бірнеше күн аралығымен шығарған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тергеу барысында анықталғандай, сәуір айында Көкшетау қаласының 20 жастағы тұрғыны аса ірі мөлшерде психотроптық затты заңсыз сатып алған. Көп ұзамай бойжеткен полиция қызметкерлерінің назарына іліккен.
Тергеу оның әкесінің де заңсыз әрекетке араласқанын анықтады. Ресми табысы болмаған ер адам әлеуметтік желіден жұмыс туралы хабарландыру тауып, есірткіні жасырын жерлерге қалдырушы болып жұмыс істеуге келіскен.
Оның әрекетін полиция қызметкерлері тоқтатты. Ер адам қылмыс үстінде ұсталды. Жедел іс-шаралар барысында одан синтетикалық есірткі салынған 30 орама тәркіленді.
Қылмыстық істерді қарау қорытындысы бойынша сот әкесі мен қызын кінәлі деп таныды. Шілде айында алты күн аралығымен айыптау үкімдері шығарылды.
«20 жастағы бойжеткен төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда Қазақстан Республикасының рақымшылық туралы заңының қолданылуына байланысты жаза мерзімі қысқартылып, түпкілікті екі жыл сегіз ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оның әкесіне сот бес жыл төрт ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар ер адамның жесір қалғаны және кәмелетке толмаған баласын жалғыз тәрбиелеп отырғаны ескеріліп, сот жазаны орындауды үш жылға кейінге қалдырды», – деп хабарлады департаменттен.
Полиция өкілдері бұл істің әлеуметтік желілер арқылы оңай табыс табуға ұмтылудың қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін тағы бір мәрте көрсететінін атап өтті.
«Қазір есірткі бизнесіне тарту көбіне бір қарағанда қарапайым болып көрінетін жұмыс туралы хабарландырудан басталады. Үміткерлерге оңай тапсырмаларды орындағаны үшін жылдам ақша табуды ұсынады: тауарды алып кету, ораманы белгіленген жерге қалдыру, координаттарын суретке түсіру. Алайда мұндай тапсырмалардың артында қылмыстық жауапкершілік тұр, ал уәде етілген табыс бірнеше жылға бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін. Ең бастысы, адамның ораманың ішінде не бар екенін білмедім немесе тапсырманы ақша үшін ғана орындадым деуі есірткі тарату әрекетінің қылмыстық сипатын өзгертпейтінін есте ұстаған жөн», – деп ескертті полиция.
Полиция қызметкерлері қазақстандықтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы келетін күмәнді жұмыс ұсыныстарына келіспеуге шақырды.
«Бейтаныс адамдарға банк карталарын беруге, өзгенің сәлемдемелерін алуға немесе тасымалдауға, күмәнді орамаларды алып кетуге, сондай-ақ қандай да бір заттарды жасырын жеткізуге байланысты тапсырмаларды орындауға болмайды», – деп қосты ведомстводан.