Павлодарда қайнаған су толы шұңқырға құлаған ер адамға өтемақы төленді

Автор: Алмас Ерсін

Зардап шеккен ер адамның денесінің 7%-ын күйік шалған

Фото: Instagram.com/doska_pavlodar

Павлодарда ыстық су толы шұңқырға құлап кеткен ер адамға өтемақы төленді. Оқиғаға қатысты жауапкершілікті «Павлодар жылу желілері» ЖШС өз мойнына алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Оқиға ер адам төрт жасар баласымен серуендеп жүрген кезде болған. Кенет оның аяғының астындағы тротуар опырылып, павлодарлық тұрғын ыстық су толы шұңқырға құлап кеткен.

Зардап шеккен ер адамның аяғын күйік шалған. Денесінің 7%-ын күйік шалған. Қазір ол ауруханада жатыр, жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Бала зардап шеккен жоқ.

Жылу желілері мекемесінің мәліметінше, апатқа жылу құбырының жарылуы себеп болған. Төтенше жағдай болған учаске соңғы рет 15 жыл бұрын жөнделген. Оқиғадан кейін ақау жөнделіп, шұңқыр құммен толтырылды.

Кәсіпорын ер адамға өтемақы төледі, алайда оның мөлшері жарияланған жоқ. Жылу желілері директорының айтуынша, зардап шегушінің компанияға ешқандай шағымы жоқ.

Павлодардағы жылу желілерінің тозу деңгейі 87%-ға жетеді. Жазда құбырлар арқылы температурасы шамамен 65 градус су жіберілсе, қыста оның температурасы 110 градусқа дейін жетуі мүмкін.

«Павлодар жылу желілері» ЖШС директоры Анатолий Моисей кәсіпорын барлық жерасты құбырларының жағдайын күн сайын тексере алмайтынын мәлімдеді.

«Тармақтарды қоса есептегенде, жылу желілерінің жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асады. Жер астында жатқан құбырдың бәрін алдын ала бақылау... Ол қызметкер күн сайын аралап, құбырдың жағдайын тексеріп, қандай да бір шара қолдана алатындай арнайы арнада жатқан жоқ. Мұнда ешкім кепілдік бере алмайды. Қазіргі уақытта осыған қатысты барлық жұмыстарды жүргізіп жатырмыз», – деді Моисей.