Тексеру барысында тамақтану, сумен қамтамасыз ету және санитариялық талаптарға қатысты бірқатар заңбұзушылық анықталған
Қостанай облысында сот шешімімен «Светофор» балалар сауықтыру орталығының қызметі тоқтатылды. Бұған ата-аналардың бірінің өтінішінен кейін жүргізілген жоспардан тыс тексеру себеп болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Тексеру барысында шағымда көрсетілген деректер расталды. Мамандар тамақтануды ұйымдастыру, сумен қамтамасыз ету, аумақ пен үй-жайлардың санитариялық жағдайына қатысты талаптардың бұзылғанын, сондай-ақ қызметкерлердің міндетті медициналық тексеруден өтуінде кемшіліктер барын анықтады.
«Материалдарды қарау қорытындысы бойынша сот орталықтың қызметін тоқтату туралы шешім қабылдады, ал бұған дейін берілген санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының күші жойылды», – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.
Сонымен қатар ведомство орталыққа санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беру кезінде заңбұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тексеру жүргізді.
Тексеру қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.