Алқабилер төрт баланың анасын кінәсіз деп таныса, марқұмның туыстары үкімге шағымдануға ниетті
Алматы облысының соты күйеуін өлтірді деп айыпталған төрт баланың анасын ақтады. Іс бойынша шешімді алқабилер шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға мамыр айында Шеңгелді ауылында болған. Іс материалдарына сәйкес, ерлі-зайыптының арасында жанжал шығып, сол кезде әйел күйеуінің жүрек тұсына асүй пышағын сұғып алған. Ер адам алған жарақатынан көз жұмған.
Әйелге адам өлтірді деген айып тағылды. Сот процесі жүріп жатқан уақытта ол қамауда болып, бесінші баласын күтіп жүрген. Нәтижесінде алқабилер сотталушыны кінәсіз деп таныды.
Адвокат Ғалым Нұрпейісов ақтау үкімі өзі үшін күтпеген шешім болғанын айтты. Оның пікірінше, алқабилердің шешіміне сотталушының отбасылық өміріндегі жағдайлар әсер еткен.
«Әрине, ақтау үкімі шығады деп күтпедім. Меніңше, бұған қоғамның қазір отбасындағы зорлық-зомбылықтың кез келген түрін үзілді-кесілді қабылдамайтыны себеп болды. Алқабилер біздің қорғауымыздағы әйелдің қандай қорқынышты жағдайда, қандай тозақта өмір сүргенін көрді», – деді адвокат.
Ерлі-зайыпты 16 жыл бірге тұрып, төрт бала тәрбиелеген. Сотта әйел ұзақ жылдар бойы күйеуінің тарапынан зорлық-зомбылық көргенін айтқан.
Марқұмның туыстары сотталушының ақталуымен келіспеді. Олар отбасында зорлық-зомбылық болмағанын айтып, сот үкіміне шағымдануға ниетті.
«Ана ретінде маған өте ауыр. Жалғыз ұлым менің тірегім еді. Ол өзі қаза тапқан үйдің иесі болды. Біз сот үкімімен келіспейміз», – деді марқұмның анасы Әсем Рысқұлова.
Оның айтуынша, отбасы ақтау үкімін апелляциялық сатыда қайта қаратуға ниетті.