Атырау алаңындағы ұстау сәті видеоға түсті: полиция мән-жайды түсіндірді

Автор: Алмас Ерсін

Полиция мәліметінше, 19 жастағы азамат ұрлық жасады деген күдікпен бөлімшеге жеткізілген. Оқиғаның мән-жайы бойынша тексеру жүргізіліп жатыр

Фото: "Ақ Жайық"

8 тамыз күні кешке Атыраудың орталық алаңында жас жігіттің ұсталғанын көрген тұрғындар алаңдап қалған. Жігіт қарсылық көрсетіп, айқайлағандықтан, куәгерлер оны белгісіз адамдар күштеп алып кетпек болды деп ойлаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.

Кейін полиция жас жігіттің кім екенін және оны не себепті бөлімшеге жеткізбек болғанын түсіндірді.

Оқиға шамамен сағат 20:40-та болған. Ер адам қарсылық көрсеткен жас жігітті көлікке отырғызуға әрекеттенген. Мұны байқаған тұрғындар оқиға орнына жиналып, куәгерлердің бірі болған жағдайды видеоға түсіре бастаған.

Куәгерлердің айтуынша, ер адам өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, жас жігіттің іс бойынша куәгер екенін айтқан. Бұл сөз жиналғандардың күдігін туғызып, олар полиция шақырған.

Кейін Атырау облысының Полиция департаменті куәгерлер арасында тараған болжамның оқиғаның нақты мән-жайына сәйкес келмейтінін хабарлады.

Полиция мәліметінше, жас жігіт 19 жаста. Ол ұрлық жасады деген күдікпен полиция бөліміне жеткізіліп жатқан.

«Видеода полиция қызметкерлерінің ұрлық жасады деген күдікке ілінген 19 жастағы азаматты полиция бөліміне жеткізіп жатқаны түсірілген. Күдіктіні жеткізу кезінде куәгерлер полиция қызметкерлерінің әрекетіне кедергі келтірген. Оқиғаның барлық мән-жайы тексерілгеннен кейін құқықтық баға беріледі», – деп мәлімдеді Полиция департаменті.

Ведомство әлеуметтік желі қолданушыларын тексерілмеген ақпаратты таратпауға және ресми мәліметтерге сүйенуге шақырды.

Оқиғаның мән-жайы мен оған қатысушылардың әрекеттеріне тиісті тексеру аяқталғаннан кейін баға беріледі.