Қазақстаннан Үндістанның 35 азаматы депортацияланды

Автор: Алмас Ерсін

Олар көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ел аумағынан шығарылды

Алматы ПД видеосынан скриншот

Алматыдан Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзған Үндістанның 35 азаматы ел аумағынан шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, шетел азаматтары Қазақстанда рұқсат етілген болу мерзімін асырып жіберген.

Көші-қон қызметі жүргізген арнайы іс-шаралар барысында олардың жүрген жері анықталып, ұсталды. Сот шешімімен заң бұзушылардың барлығы Қазақстан аумағынан шығарылды. Полиция қызметкерлері Үндістанның 35 азаматын Алматы әуежайындағы шекаралық және паспорттық бақылаудан өткенге дейін алып жүрді.

Сонымен қатар, шетел азаматтарының белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін елден уақытылы шығуын қамтамасыз етпеген қабылдаушы тараптар да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Көші-қон заңнамасын сақтау Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетел азаматтары үшін де, оларды қабылдаушы тұлғалар үшін де міндетті. Бұл бағыттағы бақылау жұмыстары жалғасады», – деп еске салды полиция.