Жамбыл облысында жүк көлігінің жүргізушісін соққыға жыққан ағайындылар сотталды

Автор: Асқарова Қарлығаш

Сот барысында екі ер адамның кінәсі толық дәлелденді

Фото: pixabay.com

Жамбыл аудандық соты жүк көлігінің жүргізушісіне күш қолданды деп айыпталған екі ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс материалдарына сәйкес, сотталушылар – туған ағайындылар. Олар 2026 жылдың мамыр айында Тараз қаласындағы «Зербұлақ» су ойын-сауық саябағынан Жамбыл ауданындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына құрылыс қалдықтарын тасымалдаумен айналысқан.

Кезекті рейс кезінде ағайындылар мен басқа жүк көлігінің жүргізушісі арасында жол беруге байланысты жанжал туындаған. Кейін сөзге келіспеушілік төбелеске ұласып, жәбірленуші дене жарақатын алған. Сот барысында екі ер адамның кінәсі толық дәлелденді. Жаза тағайындау кезінде олардың кінәсін мойындауы, жасаған ісіне өкінуі және кәмелетке толмаған балаларының болуы жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді.

«Сот үкімімен сотталушылар Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Әрқайсысына 100 сағаттық қоғамдық жұмыстар түріндегі жаза тағайындалды», – деп хабарлады сотта.

Үкім заңды күшіне енді.