Сот әйелдің үйі мен пәтерін сатуға қатысты барлық құжаттың заңсыз рәсімделгенін анықтап, оның мүліктік құқығын қалпына келтірді
Шымкентте психикалық дертке шалдыққан әйелдің екі үйін сатып жіберу мәселесіне қатысты дау сотта қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІ топ мүгедектігі бар әйел соттан өз атына рәсімделген сенімхаттар мен тұрғын үйді және жер телімін, сондай-ақ пәтерді сату-сатып алу шарттарын жарамсыз деп тануды сұраған. Оның айтуынша, сенімхатқа қашан және қандай жағдайда қол қойғанын мүлде есіне түсіре алмаған. Сондай-ақ ол өз мүлкін сатуға ешқашан келісім бермегенін айтқан.
Іс материалдарына сәйкес, құжаттар рәсімделген кезде әйел облыстық психикалық денсаулық орталығында стационарлық ем алып жатқан. Ол екі нотариус пен үш туысы өзінің психикалық жағдайын пайдаланып, кейін барлық жылжымайтын мүлкін сатып жібергенін мәлімдеген.
Шымкент қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты жауапкерлер сенімхат негізінде әйелдің атынан әрекет етіп, оған тиесілі жылжымайтын мүлікті иеліктен шығарғанын анықтады. Соның салдарынан әйел баспанасыз қалып, туыстарының үйінде тұруға мәжбүр болған.
Сот-психиатриялық сараптама әйелдің 2019 жылдан бері психикалық ауруға шалдыққанын растады. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, сенімхатқа қол қойған сәтте ол өз әрекетінің мәнін түсініп, оған толықтай жауап бере алмаған. Сот медициналық құжаттарды, бірнеше рет психиатриялық ауруханада емделгенін, диспансерлік есепте тұрғанын және сарапшылардың қорытындысын зерттей келе, әйелдің ерік білдіруі саналы болмаған деген тұжырымға келді.
Осының негізінде сот сенімхаттарды да, олардың негізінде жасалған сату-сатып алу келісімдерін де жарамсыз деп таныды. Нәтижесінде тараптар бастапқы құқықтық жағдайына қайтарылып, әйелдің мүліктік құқықтары толық қалпына келтірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді.