Тергеу барысында күдіктінің бұған дейін де біреудің велосипедін ұрлап кеткені белгілі болды
Қарағандыда полицейлер зейнеткер әйелді тонауға, сондай-ақ велосипед ұрлауға қатысы бар деген күдікпен 30 жастағы жергілікті тұрғынды қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға дүйсенбі күні күндіз болған. 67 жастағы қала тұрғыны дүкеннен үйіне қайтып келе жатқанда, белгісіз ер адам артынан жүгіріп келіп, мойнындағы алтын алқасын жұлып алып, ізін суытқан.
Жәбірленуші келтірілген шығынды 400 мың теңгеге бағалап, бірден полицияға жүгінген. Әйел күдіктінің түр-тұлғасын нақты сипаттап бергендіктен, тәртіп сақшылары оның жеке басын жылдам анықтап, қолға түсірді.
Күдікті өз кінәсін толық мойындаған. Оның айтуынша, алтын алқаны ломбардқа өткізіп үлгерген. Полицейлер зергерлік бұйымды тәркілеп, заттай айғақ ретінде іске тіркеді.
Тергеу барысында күдіктінің бұған дейін де қылмыс жасағаны белгілі болды. Полицияның мәліметінше, ол зейнеткерге шабуыл жасамас бұрын біреудің велосипедін ұрлап кеткен. Ұрланған велосипедпен келе жатып мойнында алтын алқасы бар әйелді байқаған. Осыдан соң велосипедін жақын маңдағы аулалардың біріне қалдырған. Кейін әйелдің алқасын жұлып алып, қайтадан велосипедіне мініп, оқиға орнынан қашып кеткен. Полицейлер ұрланған велосипедтің заңды иесін анықтап, мүлкін өзіне қайтарды.
Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Сондай-ақ оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.