«Англиядан жұмыс тауып беремін»: Астана тұрғыны оншақты адамды TikTok арқылы алдап кеткен

Автор: Асқарова Қарлығаш

Күдікті 1 миллион теңгеден астам қаражатты қолды етті

Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Астанада TikTok әлеуметтік желісі арқылы Ұлыбританияға жұмысқа орналастыруды ұсынып, азаматтарды алдаған тұрғынға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы елорда прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратураның мәліметінше, сотталған азамат әлеуметтік желіде Англияға жұмысқа орналастыру қызметін жарнамалап, қызығушылық танытқан адамдармен хат алмасқан. Ол өзін шетелге жұмысқа орналастыруға көмектесетін маман ретінде таныстырып, кеңес берген, түрлі сауалнамаларды толтыруды ұсынып, кейін қызмет ақысы ретінде ақша аудартқан.

Алайда күдікті қаражатты алғаннан кейін уәдесін орындамаған, ақшаны жеке қажетіне жұмсаған. Оның әрекетінен 10 адам зардап шегіп, олардан жалпы сомасы 1 миллион теңге алған. 

Сот сотталушының кінәсін толық дәлелденді деп таныды. Үкім шығару кезінде сот айыпталушының кінәсін мойындағанын, жасаған ісіне өкінгенін, бұрын сотталмағанын және келтірілген шығынды өз еркімен өтегенін ескерді. Нәтижесінде оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді.

Сот үкіміне сәйкес, оған пробация қызметіне ескертпей тұрғылықты мекенжайы мен жұмыс орнын өзгертуге тыйым салынды. Сондай-ақ алкоголь өнімдері сатылатын ойын-сауық орындарына баруына шектеу қойылды, жұмысы болмаса жұмыссыз ретінде тіркелуге міндеттелді. Бұдан бөлек, сот белгілеген уақытта – сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін тұрғылықты жерінен тыс жерде жүруге болмайды.

Егер сотталғанның тұрақты жұмысы немесе оқу орны болмаса, жаза мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылады.

Прокуратура қазақстандықтарды шетелде жұмыс іздеу кезінде сақ болуға шақырып, мұндай қызметтерге тек лицензиясы бар кадр агенттіктері мен уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы жүгінуге кеңес берді.