Аурухана кәсіпкерлерге жалпы сомасы 106,47 миллион теңге қарыз болған
Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында прокуратураның араласуынан кейін мемлекеттік аурухана кәсіпкерлер алдындағы 106,47 миллион теңге көлеміндегі берешегін толық өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бас прокуратураның мәліметінше, Алтай ауданы прокуратурасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында жүргізген талдау барысында «Алтай ауданының ауданаралық ауруханасы» ШЖҚ КМК мемлекеттік сатып алу туралы заң талаптарын бұзғаны анықталған.
Атап айтқанда, медициналық мекеме тауар жеткізген, жұмыс орындаған және қызмет көрсеткен кәсіпкерлердің ақысын уақытында төлемей, берешектерді қайтару мерзімін өткізіп алған.
Прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде аурухана 37 кәсіпкердің алдындағы 106,47 миллион теңге көлеміндегі қарызын толық өтеді.
Ведомство кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету және қолайлы бизнес-ортаны қалыптастыру прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.