Сот оны 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, жазаны өтеуді бес жылға кейінге қалдырды
Қостанайда 44 миллион теңгеден астам шығын келтірген алаяқтық ісі бойынша айыпталған кәсіпкер әйелге сот үкімі шықты. Тергеу мәліметінше, ол клиенттерге тауарды бөліп төлеуге рәсімдеп беруге және валютаны тиімді бағаммен айырбастауға уәде бергенімен, алынған ақшаны жеке қажетіне жұмсаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қостанай қаласының №2 сотының мәліметінше, Velvet жеке кәсіпкерлігі ретінде тіркелген сотталушы сауда интернет-алаңдарында хабарландыру жариялап, түрлі тауарларды бөліп төлеу арқылы рәсімдеп беруді ұсынған. Алайда сот оның тауарды сатып беру жөніндегі міндеттемелерді бастапқыдан орындауды көздемегенін анықтады.
Бұдан бөлек, әйел теңгені Қостанай облысындағы ресми айырбастау пункттеріне қарағанда төмен бағаммен рубль мен долларға айырбастау қызметін де ұсынған. Қолма-қол шетел валютасын айырбастауға лицензиясы болмағанына қарамастан, ол клиенттерден ақша алып, оны өз пайдасына жаратқан.
Сотталушының әрекетінен төрт жәбірленушіге жалпы сомасы 44 миллион теңгеден асатын материалдық шығын келген.
Сот отырысы барысында әйел өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтқан.
Мемлекеттік айыптаушы оған 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды және бес жылға қаржылық қызмет көрсету саласында жұмыс істеу құқығынан айыруды сұрады. Сонымен қатар кәмелетке толмаған баласының болуын ескеріп, жазаны өтеуді кейінге қалдыруды да өтінген.
Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының кінәсін мойындауын, шынайы өкінуін және асырауында кәмелетке толмаған балаларының болуын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша сот кәсіпкер әйелді түпкілікті 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, бес жыл мерзімге қаржылық қызмет көрсету саласында жұмыс істеу құқығынан айырды.
Сонымен бірге Қылмыстық кодекстің 74-бабы негізінде сотталған әйелге жазаны өтеу бес жылға кейінге шегерілді.
Сондай-ақ жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап-арыздары толық көлемде қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тетіктерді нығайтуға, құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын орнықтыруға және заңды бұлжытпай сақтау ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналатын қоғам қалыптастыруға бағытталған негізгі саяси ұстанымы.