Шақырту алған адам белгіленген уақытта келуге міндетті
Биыл Қазақстанда жоспарлы оқу-жаттығу жиындарына 3 мың әскери міндетті азамат шақырылады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрліктің мәліметінше, оқу-жаттығу жиындары әскери есепте тұрған азаматтардың әскери даярлығын жетілдіру, тәжірибелік дағдыларын жаңарту және заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы меңгерту мақсатында өткізіледі. Жиынға қатысушыларды жергілікті әскери басқару органдары Қарулы күштердің қажеттілігіне қарай іріктейді. Бұл ретте азаматтың әскери мамандығы, денсаулық жағдайы және заңда белгіленген өзге де талаптар ескеріледі.
Әскери міндетті азаматтарға арнайы шақырту жіберіледі. Шақырту алған адам белгіленген уақытта келуге міндетті. Дәлелді себепсіз келмегендерге 5 АЕК, яғни 21 625 теңге көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қатар заң бойынша кейбір азаматтар оқу-жаттығу жиындарына шақырылмайды. Олар:
Оқу-жаттығу жиыны бір айға дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде қатысушылар тамақпен, киім-кешекпен және медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ жиын өтетін жерге барып-қайту шығынын Қорғаныс министрлігі өтейді.
Министрліктің мәліметінше, оқу-жаттығу жиынына қатысқан азаматтардың жұмыс орны мен атқарып жүрген қызметі сақталады. Жұмыс істейтіндерге орташа жалақысы төленсе, жұмыссыз азаматтарға бюджет есебінен ең төменгі жалақы беріледі. Сонымен қатар жиынға қатысқан уақыт жалпы еңбек өтіліне енгізіледі.