«Өз өмірім үшін қорқамын»: Алматыда жұмбақ жағдайда көз жұмған Вероника Соколованың анасы дабыл қақты

Автор: Асқарова Қарлығаш

Оның айтуынша, қоғамнан көмек сұрағаннан кейін бірнеше күн өткен соң  үйіне қызы қайтыс болған күні жанында болған ер адамның отбасының өкілімін деген адам келіп, ақша ұсынған

Фото: скриншот

Алматыда 2024 жылы жұмбақ жағдайда көз жұмған 22 жастағы Вероника Соколованың анасы Любовь Соколова өз өміріне қауіп төніп тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, үйіне қызы қайтыс болған күні жанында болған ер адамның отбасының адвокатымыз деп таныстырған адам келген. Любовь Соколова өз мәлімдемесінде Алматы қаласының полициясы мен прокуратурасынан оның мекенжайын бөгде адамдарға кімнің және қандай негізде бергенін анықтауды талап етті.

«Алматы қаласының полициясы мен прокуратурасынан менің мекенжайымды бөтен адамдарға кімнің және қандай негізде бергенін шұғыл анықтауды сұраймын. Бұл – құпия ақпарат және ашық қолжетімді дерек болмауы тиіс еді», – деді ол.

Әйелдің сөзінше, қызының өліміне қатысты істің әділ тергелуін сұрап, қоғамнан көмек сұрағаннан кейін бірнеше күн өткен соң, 26 маусымда үйіне ер адамның отбасының өкілімін деген адам келген. Ол көңіл айтып, қаржылай көмек ұсынған. Алайда марқұмның анасы бұл ұсыныстан бас тартқан.

«Қызымның өмірі ақшамен есептелмейді. Ешқандай ақша қызымды қайтара алмайды. Меніңше, олар осылай аузымды жапқысы келді», – деді Любовь Соколова.

Осы оқиғадан кейін ол өзінің қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтты.

«Осы кездесуден кейін өз өмірім үшін қорқамын. Менің мекенжайымды кім бергенін, қандай мақсатпен келгенін және бұдан кейін не болуы мүмкін екенін білмеймін. Егер маған бірдеңе болса, бұл іс жабылып қалады. Өйткені қызымның ісі үшін менен басқа күресетін ешкім жоқ», – деді марқұмның анасы.

Еске салайық, Вероника Соколованың туыстары тергеудің «өзіне қол жұмсады» деген нұсқасымен келіспейді. Олардың айтуынша, қылмыстық іс материалдарында көптеген сәйкессіздік бар.

Марқұмның анасының мәліметінше, 2024 жылдың сәуірінде Вероника Алматыдан пәтер іздеп жүрген кезде баспана көрсеткен ер адаммен танысқан. Бір айдан кейін ол қызды кездесуге шақырған. Кездесу 12 маусым күні кешке өткен. Бұған дейін Вероника анасымен телефон арқылы сөйлесіп, жоспарларын айтқан. Ал келесі күні туыстарына оның қайтыс болғаны хабарланған.

Любовь Соколованың айтуынша, кейін қылмыстық іс материалдарынан кейбір дәлелдер жоғалып кеткен. Ал қызының өмірінің соңғы сағаттарын бірге өткізген ер адам әлі күнге дейін іс бойынша куәгер мәртебесінде қалып отыр.