Қарбыздың арасына жасырған: Шымкентте 130 түп қарасора өсірген күдікті ұсталды

Автор: Асқарова Қарлығаш

Күдікті өз үйінің аумағында қарасора өсіріп қана қоймай, одан есірткі дайындап, кейін сатуды жоспарлаған

Фото: Polisia.kz

Шымкентте полицейлер есірткі өсіріп, оны сатумен айналысты деген күдікке ілінген жергілікті тұрғынды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІІМ мәліметіне сүйенсек, тергеу мәліметінше, күдікті өз үйінің аумағында қарасора өсіріп қана қоймай, одан есірткі дайындап, кейін сатуды жоспарлаған.

Тінту кезінде полиция ауладан ауыл шаруашылығы дақылдарының арасына жасырылған 130 түп есірткі құрамды өсімдікті анықтады. Сонымен қатар үй мен шаруашылық құрылысынан есірткі шикізаты және сатуға дайын есірткі тәркіленді. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы шамамен 330 келіні құрады.

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікеновтің айтуынша, аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің есірткіні өткізу мақсатында сақтау және құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полицейлер күдіктінің есірткіні қайда өткізбек болғанын және бұл іске қатысы болуы мүмкін өзге адамдарды анықтап жатыр.

Арнайы операция республикалық «Қарасора-2026» жедел алдын алу іс-шарасы аясында өткізілді.