Тергеу дерегінше, ер адам бірнеше ай бойы кішкентай қызына қатыгездік көрсеткен. Ауыр жарақат алған бала кейін ауруханада көз жұмды
Павлодар облысында үш жасар қыздың өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты. Сот әкені баланы азаптап, өлтірді деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy irbistv.kz сайтына сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, 26 жастағы ер адам жұбайымен бірге екі баланы тәрбиелеген: үш жасар қызы және 2025 жылдың мамыр айында дүниеге келген ұлы болған. Тергеу барысында ер адамның қыздың өзінен туғанына күмәндана бастағаны анықталған. Осыдан кейін ол балаға қатыгездік көрсетіп, ұрып-соғып, мойнына шарф байлап төсекке таңып қойған. Азаптау бірнеше ай бойы жалғасқан.
Қыркүйек айында ер адам көршісінің моншасында алкоголь ішкен. Кешкі сағат 22:00 шамасында ол үйіне қызын алып келу үшін барған. Тергеу нұсқасы бойынша, сол жерде ол қызды бірнеше рет ұрған. Кейін көршісіне қайта оралғанда баланы бетон еденге лақтырып жіберген. Ауыр жарақат алған қыз кейін ауруханада көз жұмған.
Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады.
«Мен қасақана адам өлтірген жоқпын. Осындай жағдай болғаны үшін жұбайымнан кешірім сұраймын. Мен де жұбайым сияқты, туыстарым сияқты азап пен қайғыны бастан өткердім», – деді ол соңғы сөзінде.
Сот процесі барысында ер адам баланы азаптағанын жоққа шығарып, айыпты қасақана кісі өлтіруден абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру бабына ауыстыруды сұрады. Алайда мемлекеттік айыптаушы сараптама қорытындылары, куәгерлердің айғақтары және басқа да дәлелдер тағылған айыптарды толық растайтынын мәлімдеді. Прокурор сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.
Сот айыптау тарапының уәждерімен келісті.
«Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша Қылмыстық кодекстің 58-бабының 4-бөлігі негізінде түпкілікті жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалсын. Жаза қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеледі», – деп үкімді Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Айтбаев жариялады.
Сонымен қатар сот ер адамды қаза тапқан қыздың анасына моральдық шығын ретінде 5 миллион теңге төлеуге міндеттеді.
Үкім жарияланғаннан кейін сотталушы есінен танып қалған. Оны сот залынан конвой қызметкерлері алып шыққан.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.