Қаржы әртүрлі операциялар арқылы үшінші тұлғалардың есепшоттарына аударылып отырған
Көкшетау қаласының полиция қызметкерлері ірі көлемдегі алаяқтық дерегін ашты. Тергеу мәліметінше, қылмыстық схема салдары газ тарту саласында жұмыс істейтін кәсіпорынға шамамен 300 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Ақмола облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, бастапқыда құқық қорғау органдарына жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өкілдері жүгінген. Олар белгісіз тұлғалардың әрекетінен кәсіпорынға 77 миллион теңгеге жуық шығын келгенін айтып, арыз түсірген.
Аталған факт бойынша басталған тергеу барысында полицейлер қосымша эпизодтарды анықтаған. Нәтижесінде заңсыз әрекеттердің төрт дерегі белгілі болып, келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 300 миллион теңгеге жеткен.
Тергеу нұсқасына сәйкес, 2024 жылдан 2025 жылға дейін газ өткізумен айналысатын кәсіпорынның қаражаты алдау жолымен иемделіген. Қаржы әртүрлі операциялар арқылы үшінші тұлғалардың есепшоттарына аударылып отырған деген болжам бар.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер қылмысқа қатысы болуы мүмкін екі күдіктіні анықтады. Олардың бірі – аталған серіктестіктің 35 жастағы бұрынғы директоры. Сонымен қатар, тергеу барысында кәсіпорыннан шығарылған қаражаттың бір бөлігі 38 жастағы Астана тұрғынының банктік шоттарына аударылғаны белгілі болған.
Қазіргі таңда екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеушілер қаржы қозғалысының толық тізбегін анықтап, күдіктілердің әрекеттеріне құқықтық баға беру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Полицияның мәліметінше, егер күдіктілердің кінәсі сотта дәлелденсе, олар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жарияланған жоқ.