Отбасындағы жанжалға қайта жол берген Семей тұрғыны тағы да сот алдында жауап берді. Бұл жолы оған қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды
Семейде отбасылық жанжал шығарған ер адам қоғамдық жұмысқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Абай облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Семей қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекетке қатысты істі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы 2-бөлігі бойынша қарады.
Сот мәліметінше, Д. есімді азамат жұбайымен жанжал шығарып, отбасының тыныштығын бұзған. Сондай-ақ ол әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл өтпей жатып қайта құқық бұзушылық жасаған.
Құқық бұзушының кінәсі жауап алу хаттамаларымен, полиция қызметкерінің рапортымен және оның мас күйде болғанын растаған медициналық куәландыру қорытындысымен дәлелденді.
Сотта ер адам өз кінәсін мойындады.
Сот Д.-ны әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 40 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады.
Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.