124 эпизод бойынша кінәлі деп танылған әйел жаза арқалады
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты виза мен түрлі елдердің азаматтығын «рәсімдеуге» қатысты аса ірі алаяқтық ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс материалдарына сүйенсек, әйел екі ЖШС-ны басқарып, заңгерлік қызмет көрсетемін деген желеумен алаяқтық схема ұйымдастырған. Ол клиенттеріне АҚШ, Ұлыбритания және Шенген елдеріне ұзақ мерзімді виза алуға, сондай-ақ ықтиярхат пен азаматтық рәсімдеуге көмектесетінін, оның ішінде АҚШ азаматтығын алып беретінін уәде еткен.
Алайда іс жүзінде ешқандай нақты қызмет көрсетілмеген. Азаматтардан ақша құжаттарды рәсімдеу және «мәселені шешу» үшін сенімді арналар арқылы көмектесеміз деген сылтаумен алынған. Іс бойынша жалпы 124 алаяқтық эпизоды анықталған. Келтірілген шығын көлемі шамамен 896 миллион теңгені құрады.
«Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің жауабымен, келісімшарттармен, қолхаттармен, ақша аударымдары туралы түбіртектермен және мессенджерлердегі хат алмасулармен дәлелденді. Прокурор сотталушыға нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және туризм мен көші-қон саласында жұмыс істеуге тыйым салуды сұрады. Сотталушының өзі кінәсін жартылай мойындады. Сот оның шын жүректен өкінгенін жеңілдететін жағдай ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ», – деп түсіндірді соттың баспасөз қызметі.
Нәтижесінде әйел 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 5 жыл бойы туризм және көші-қон саласында кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.