SMS арқылы қорқытып жүрген: БҚО-да ер адам сталкинг үшін жазаланды

Автор: Алмас Ерсін

Сырым аудандық соты әйелге қатысты сталкинг пен қоқан-лоқы көрсету фактісі бойынша істі қарады

Фото: istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысының Сырым аудандық соты жергілікті тұрғынға қатысты сталкинг фактісі бойынша қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сот мәліметінше, сотталушы – С. есімді азамат 2025–2026 жылдар аралығында жәбірленушіні заңсыз түрде аңдыған.

«Атап айтқанда, сотталушы жәбірленушінің ұялы телефонына қорқыту сипатындағы SMS-хабарламалар жіберіп отырған. Бұл заңсыз әрекеттер ұзақ уақыт бойы жалғасып, жәбірленуші Б.-ның өмірінде бірқатар қиын жағдай туғызған», – делінген хабарламада.

Сот отырысы барысында айыпталушы кінәсін ішінара мойындаған.

Іс Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы – «Сталкинг» бойынша қаралды. Аталған бапта айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған.

Сот шешімімен ер адам кінәлі деп танылып, оған 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енді.