Павлодар облысында анасын өлтірген ауыл тұрғыны 10 жылға сотталды

Автор: Алмас Ерсін

Сотталушы жүйкесі сыр бергенін айтқан

Фото: istockphoto.com

Павлодар облысында 67 жастағы ер адам 89 жастағы анасын өлімші етіп сабап тастаған. Ұлы зейнеткердің басы мен денесіне 30-дан астам соққы жасаған. Сот айыпталушыны 10 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy irbistv.kz-ке сілтеме жасап.

Тергеу нұсқасына сәйкес, биыл 6 ақпан күні таңертең ер адам Ребровка ауылынан Павлодарға жиналған. Әмияны мен телефонын таба алмаған соң, анасын кінәлай бастаған. Анасы бәрін жоққа шығарып, әуелі сөзге келіп қалған. Кейін ұлы 89 жастағы әйелдің басы мен денесіне жұдырықпен соққы жасай бастаған. Артынша тақтай алып ұрған.

«Жәбірленушінің денесінде көптеген жарақат болған. Олар сот отырысында жан-жақты қаралды. Сонымен қатар сот барысында сот-медициналық сарапшы жауап беріп, жәбірленушінің басына кемінде 19 рет, денесіне кемінде 13 рет соққы жасалғанын айтты», – деді Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Айтбаев.

Сотталушы сотта кінәсін жартылай мойындады. Ол жүйкесі сыр бергенін айтты. Сондай-ақ адам өлтіруге ниеті болмағанын айтып, бапты жеңілірек жаза қарастырылған бапқа ауыстыруды және бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.

Іс бойынша жәбірленуші тарап ретінде оның туған қызы танылып, ол әкесіне нақты мерзім беруді талап еткен.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтесін», – деп үкім шығарды судья Нұрлан Айтбаев.

Туыстарының айтуынша, жасы ұлғайғанына қарамастан, зейнеткердің денсаулығы жақсы болған. Анасы ұлын бала күнінен ештеңеден тарықтырмаған. Алайда ер жеткен соң ол ішімдікке салына бастаған. Қызы әкесінің анасын да, өзін де ұрып-соққанын айтты. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.