12 тонна алтын және 1400-ден астам адам: ІІМ Қазақстандағы ұрлық схемаларын әшкереледі

Автор: Алмас Ерсін

Ведомство кен орындарындағы ұрлыққа қарсы күресті күшейтті

Фото: Әсет Құндақбаев

Қазақстан Ішкі істер министрлігі елдегі ірі кәсіпорындарда алтын ұрлау деректеріне қарсы жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өткен жылдан бері елдің бірқатар өңірінде алтын ұрлығы мен заңсыз кен өндіру фактілері бойынша 1400-ден астам адам жауапкершілікке тартылған. Заңсыз айналымнан құрамында алтын бар 12 тоннадан астам материал тәркіленген.

«Мәселен, биыл полиция Жамбыл облысындағы “Ақбақай” тау-кен байыту комбинаты аумағында алтын құрамды кенді заңсыз өндіру, өңдеу және ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Ақпараттарды бақылау барысында аталған кәсіпорын аумағына заңсыз кіру әрекеті дер кезінде тоқтатылды», – делінген хабарламада.

Жамбыл, Ұлытау және Қарағанды облыстарынан шыққан бір топ адам алтынды ұрлау арнасын ұйымдастырмақ болған. Олардан қару-жарақ, ірі көлемдегі ақша, байланыс құралдары мен көлік тәркіленді.

Қазір тергеу жалғасып жатыр, келтірілген шығын көлемі анықталуда. Сондай-ақ комбинаттың күзет және қауіпсіздік қызметі қызметкерлерінің бұл іске қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.