Шымкентте 56 жастағы әйелді көлік қағып өлтірген: күдіктінің туыстары марқұмның қызына 2 млн теңге мен бір қой ұсынған

Автор: Асқарова Қарлығаш

Жол апатынан қайтыс болған әйелдің отбасы әділдік таппай қаламыз ба деп қорқады

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Шымкент қаласы, Темірлан елді мекенінде болған жол апаты бір отбасының қайғысына айналды. 56 жастағы әйелді көлік қағып, ол ауыр жарақаттан көз жұмған. Бірақ марқұмның жақындары бұл істе бәрі әділ өтпей жатыр деп отыр. Бұл жағдайды олар Threads әлеуметтік желісіне жазған, деп жазады Azattyq Rýhy. 

Марқұмның қызының айтуынша, жүргізуші алғашында не болғанын дұрыс айтпаған, тіпті адам емес, ит қағып кеттім деп ойлаған көрінеді. Сондықтан сөзін бірнеше рет өзгерткен. Бірақ соны растай алатын куәгерлерді тергеуші мүлде шақырмаған.

«Куәгерлердің  жүргізуші алғашқыда «ит қағып кеттім» деп айтқанын, кейін телефонмен сөйлесіп, өз сөздерін өзгертіп, анамның өз бетімен жолға шықты деп өзгерді. Өте қатты соққы болған, сау жері жоқ денесінде, 20 метр жерге сүйреп апарып, үстінен тағы да қағып өткен. Тергеуші куәгерлерді тергемеді, олар жүргізушінің бастапқыда өтірік айтқанын растай алады.», – дейді қызы.

Тағы бір күмән тудырған нәрсе –  істің өте тез жүруі. Марқұмның денесі әлі үйіне жетпей жатып, небәрі 10 сағаттан кейін жүргізушіні үй қамағына жіберіп қойған.

«Біз оны қамауда отыр деп ойладық. Сөйтсек, үйінде жүрген. Бізге ешкім ештеңе айтпады», — дейді отбасы.

Іс бар болғаны 14 күнде сотқа кеткен. Туыстары мұны да түсінбей отыр.

«Тергеуші істі тездетем деді. Ал заңда 15 күнге дейін жеткен істерде жаза жеңіл болуы мүмкін дейді», — дейді олар.

Сараптама да сұрақ туғызған. Дәрігерлер мұндай ауыр жағдайларда қорытынды бір айда шығады деген. Бірақ бұл істе екі аптаға жетпей дайын болған.

Марқұмның туыстары жүргізушінің жақындары қысым көрсеткенін айтады.

«Бұлар бізге шынайы өкініш емес, керісінше жүргізушінің жазасын жеңілдетуге барынша тырысып жүр, үйде біз жоқта, әкеме келіп кешірім бере сал, ауылдас, жас бала, қол қойып бере сал дейді. Ешқандай өкініш жоқ, не кешірім сұрау жоқ, не бір асын біз көтерейік деген де әрекет жоқ», –дейді марқұмның қызы.

Ұсынылған өтемақы да жақындарының ашуын тудырып отыр.

«2 миллион теңге берейік, машинадағы бір қойды да алып қалыңдар деді. Бұл адам өмірінің бағасы ма?», — дейді жақындары.

Отбасының жағдайы да ауыр. Марқұмның артында 6 миллион теңгеден астам қарыз қалған. Әкесі жұмыс істемейді, енді бұл қарыз 22 жастағы қызына өтпек.

Соған қарамастан, отбасы ақша сұрап отырған жоқ.

«Анамыз қайтып келмейді. Бізге тек әділдік керек», — дейді олар.

Қазір олар тергеуге де, сотқа да сенбей отыр. Бұл істің әділ қаралуы үшін қоғамнан қолдау күтеді.

Осы жағдай бойынша Түркістан облысы, Ордабасы ауданының полиция бөліміне Azattyq Rýhy редакциясы тарапынан ресми сауал жолданды.