Полицейлер пара алды деген күдікке ілінді
Рудный қалалық криминалдық полиция бөлімінің үш қызметкері пара алды деген күдікпен ұсталды. Бұл деректі полиция департаменті растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «ТоболИнфоға» сілтеме жасап.
Күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
«2026 жылғы 17 наурызда Қостанай облысы бойынша ҰҚК департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі қызметкерлері Қостанай облысы ПД-ның ішкі қауіпсіздік басқармасымен бірлесіп, ҚР ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігі бойынша басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында Рудный қалалық криминалдық полиция бөлімінің үш қызметкерін ұстады», – деп хабарлады полиция департаменті.
Қостанай қаласының мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен аталған тұлғаларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігі бопсалау жолымен, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы арқылы, ірі мөлшерде немесе бірнеше рет пара алуды көздейді. Мұндай қылмыс үшін пара сомасының 60-70 еселенген мөлшерінде айыппұл салу, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.