Таразда әйел трейдингте ақшасынан айырылғанын жасыру үшін тонау оқиғасын қолдан жасаған

Автор: Алмас Ерсін

Қала тұрғыны ақшасын трейдерлерге беріп, ойдан шығарылған тонау оқиғасын ойлап тапқан

Фото: istockphoto.com

Таразда сот тонау оқиғасын қолдан ұйымдастырған әйелге үкім шығарды. Айыпталушы онлайн алаяқтардың құрбаны болып, оны жақындарынан жасыруға тырысқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айыпталушы алтын әшекейлерін ломбардқа өткізіп, түскен ақшаны белгісіз адамдарға «трейдинг үйретеміз» деген желеумен аударған. Ақшасын қайтарып ала алмайтынын және өзін алаяқтардың алдағанын түсінген соң, ол болған жағдайды отбасынан жасыруды жөн көрген. Әйел келінінің алтын мен бриллиант әшекейлерін тығып, өзін скотчпен байлап, полицияға үйіне белгісіз адамдар кіріп, мүлікті ұрлап кетті деп хабар берген.

Алайда тергеу барысында ешқандай тонау болмағаны тез анықталды. Айыпталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен және тергеу материалдарымен дәлелденді. Өзі кінәсін мойындап, соттан жеңіл жаза сұраған.

Прокурор екі жыл бас бостандығынан айыруды сұраған.

«Сот бұрын сотталмағанын, кінәсін мойындап, өкінгенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімімен Н. ҚК-нің 419-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы пробациялық бақылау белгілеумен тағайындалды», - делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.