Месси VS Ямаль: Аргентина мен Испания қашан кездесетіні анықталды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Келесі жылы Финалиссима матчында Аргентина мен Испания құрамалары кездеседі

Фото: marca.com

Келесі жылы Финалиссима турнирі өтеді, онда Оңтүстік Америка мен Еуропаның қазіргі чемпиондары – Аргентина мен Испания құрамалары өзара күш сынасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Marca-ға сілтеме жасап.

Матч 27 наурызға жоспарланып отыр. Кездесу 2022 жылғы әлем чемпионатына арнайы салынған Қатар еліндегі «Лусаил» стадионында өтеді.

Алайда матчтың өтуі Испания құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатына тікелей жолдама алуына байланысты болмақ. Егер испандар іріктеу плей-офф кезеңіне қатысатын болса, Финалиссима ұйымдастырылмайды. Себебі, ол матчтар да дәл наурыз айында өтеді. Дегенмен сарапшылар мұндай сценарийдің өте аз ықтимал екенін атап өтті.

Финалиссима туралы

Финалиссима – ұлттық құрамалар арасындағы бір матчтан тұратын турнир. Онда Еуропа мен Оңтүстік Американың қазіргі чемпиондары кездеседі.

Бастапқыда турнир 1985 және 1993 жылдары «Артемио Франки кубогы» атауымен өткізілген. Ал 2022 жылы жарыс қазіргі атауымен қайта жанданған.

Қазіргі жеңімпаз – Аргентина құрамасы. 2022 жылы олар финалда Италияны 3:0 есебімен ұтқан. Бұған дейінгі екі турнирде 1985 жылы Франция, ал 1993 жылы Аргентина жеңіске жеткен.