«Месси мен Роналду секілдіміз»: өзбек бапкері қазақ боксын жоғары бағалады

Автор: Алмас Ерсін

Рахматжон Рузияхуновтың айтуынша қазақ боксы әрдайым жоғары деңгейде болған

Фото: Ұлттық Олимпиадалық комитет

Бокстан Өзбекстан ұлттық құрамасының аға бапкері Рахматжон Рузияхунов Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тартысты Лионель Месси мен Криштиану Роналду арасындағы бәсекелестікпен салыстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

1bol.kz сайтының мәліметінше Рахматжон Рузияхунов ZBS Podcast YouTube-арнасында Қазақстан ұлттық құрамасының артықшылығын атап өткен.

«Олардың бокс мектебі өте мықты. Қазақ боксы әрдайым жоғары деңгейде. Мен әрқашан айтып келемін – біз Месси мен Роналду секілдіміз: әрдайым бір-бірімізбен бақталастамыз. Мұндай көрші елдердің болғаны – үлкен мүмкіндік. Біз олардан үйренеміз, олар бізден үйренеді. Сол еңбектің арқасында үлкен жетістіктерге жетіп жүрміз», – деді Рузияхунов.

Айта кететін жайт, әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте көш бастап, 7 алтын медаль иеленген еді. Ал Өзбекстан боксшылары 6 алтын медаль иеленіп, жалпы есепте 2-орынға жайғасты.

Ал таяуда Бахрейннің Манама қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында медаль саны бойынша Қазақстан мен Өзбекстан тең түсті. Алайда ширек финалға шыққандар саны бойынша Қазақстан құрамасы басымдық танытып, қосымша көрсеткіштердің арқасында жалпы есепте бірінші орынға шықты.