Қостанай облысында тоғыз спортшы дене шынықтыру басқармасын сотқа беріп, жеңіп шықты

Автор: Бақыт Шынар

Олар Әлем чемпионаттарында жүлделі орын алса да өтемақыдан құр қалған

Фото: istockphoto.com

Қостанай облысында тоғыз спортшы облыс әкімдігіне қарасты дене шынықтыру және спорт басқармасын сотқа беріп, жеңіп шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қостанай соттарының мәліметіне сүйенсек, спортшылар былтыр, яғни, 2024 жылы Астана қаласы мен Грекияның Корфу қаласында өткен Әлем чемпионаттарында жүлделі орын алған.

«Сондықтан, олар сотқа арыз бере отырып, әкімдіктің дене шынықтыру басқармасын сол жеңістері үшін ай сайын ақшалай төлем тағайындау туралы әкімшілік акт қабылдауға міндеттеуді сұраған. Спортшылар Қостанай облысының атынан джиу-джитсу, грэпплинг және гир спорты бойынша халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.

Сот анықтағандай, қолданыстағы заңға сай, әлем чемпионаттарында жүлделі орын алған спортшылар мемлекеттен ай сайын төлемақы алуға құқылы.

«Ұсынылған дәлелдемелерді, қолданыстағы заң нормаларын және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қағидаттарын ескере отырып, сот спортшылардың талабын толық қанағаттандырды», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.