Алматыдағы ATP 250 турнирінде Даниил Медведев жеңімпаз атанды
Ресейлік теннисші карьерасындағы 21-ші титулды иеленді

Алматыдағы ATP 250 турнирінде ресейлік теннисші Даниил Медведев жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жекелей сында әлемнің 14-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведев пен рейтингіде 41-орында тұрған франциялық Корентен Муте чемпиондық атақты сарапқа салды.
«Бірінші партия 7:5 есебімен ресейлік теннисшінің пайдасына шешілді. Екіншісінде франциялық спортшы есе қайырды – 6:4. Дегенмен шешуші сетте Медведев жеңісті жұлып алды – 6:3», - деп жазылған Қазақстан теннис федерациясының хабарламасында.
Осылайша, өз спорттық жолында ATP жарыстарында қырқыншы рет финалға шыққан Даниил 21-титулын жеңіп алды. Ол бұған дейінгі чемпиондық атағына 2023 жылдың мамыр айында қол жеткізген еді.
«Кейде ойыныма көңілім толмайды. Бірақ жеңістің орны бөлек. Бұл – матчтың ең маңызды кезеңінде жақсы ойнадым деген сөз. Әсіресе, шешуші гейм ерекше болды. Титулды жеңіп алғаныма қуаныштымын. Осымен 21 қалада 21 трофейге ие болдым», - деді Медведев ойыннан соң.
Жұптық сында франциялықтар Тео Аррибаж бен Альбано Оливетти үздік шықты. Олар финалда германиялық Якоб Шнайттер мен Марк Вальнерден айласын асырды - 6:4, 7:6 (10:8).
Аррибаж жұптық сында АТР додасындағы екінші, Оливетти үшінші титулын жеңіп алды.
«Бұл шынында да керемет апта болды. Біз бабымызға келіп, нағыз команда ретінде ойнадық. Күрделі матчтар болды, бірақ аяғына дейін күресіп, жеңудің амалын таптық. Биыл Алматыда жеңімпаз атанғанымызға өте қуаныштымыз. Шынында да бұл ATP 250 деңгейіндегі тамаша турнир болды. Жарыс жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Жанкүйерлер бізді мықты қолдады. Баршаңызға мың алғыс», - деді матчтан соң турнир чемпиондары.