Әлем чемпионаты: Головкин жеңіліп қалған боксшыны жұбатты (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Виктория Графеева жартылай финалда бразилиялық Ребека Де Лима Сантосқа есе жіберді

Фото: t.me/olympickz

Ұлттық олимпиадалық комитеттің президенті Геннадий Головкин Ливерпульде өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының жартылай финалында жеңілген отандасымыз Виктория Графееваны жұбатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Головкин көңіл күйі болмай тұрған Графееваға жақындап келіп, жұбату сөздерін айтып, құшағына басты.

Виктория 60 келіге дейінгі салмақтың жартылай финалында бразилиялық Ребека Де Лима Сантоспен жұдырықтасты. Өкінішке қарай төрешілер жеңісті бразилиялық боксшыға берді.

Осылайша, Виктория Графеева ел қоржынына алғашқы медальді салды.

Естеріңізге сала кетейік, Геннадий Головкин Астанада өтіп жатқан Бокстан әлем кубогында Назым Қызайбайға ерекше қолдау көрсеткен болатын. Головкин боксшылармен сәлемдесіп болған соң Назым Қызайбайды құшағына басты. Желі қолданушылары чемпионның қарапайымдылығына тәнті болды.