«Жүлде қоры – 15,8 млн теңге»: Астанада таеквондодан халықаралық турнир өтеді

Автор: Алмас Ерсін

Жарысқа 750-ден астам спортшы қатысады

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

14–16 тамыз аралығында Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында таеквондодан Kazakhstan Open 2025 халықаралық турнирі  өтеді, деп хабарлайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Турнир үш жас санатын қамтиды

Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметінше Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (World Taekwondo) ресми күнтізбесіне енген бұл турнир үш жас санатын қамтиды:

  • жасөспірімдер,
  • жастар,
  • ересектер.

Бүгінде 750-ден астам спортшы жарысқа қатысатынын растады. Байрақты додаға Қазақстан, Ауғанстан, Армения, Канада, Франция, Үндістан, Иран,  Кувейт, Қырғызстан, Оман, Люксембург, Марокко, Непал, Пәкістан, Палестина, Қытай, Сауд Арабиясы, Түркия, Тунис, Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ және бейтарап мәртебедегі (AIN) спортшылар қатысады.

Жарыстың мәртебесін Олимпиада чемпиондары мен әлемдік таеквондо жұлдыздарының қатысуы айшықтай түспек.

Электронды қолғаптар қолданылады

Турнир жаңартылған халықаралық ережелерге сай, KPNP K-2 жүйесі арқылы өткізіледі.

«Қазақстанда алғаш рет спортшылардың соққыларын дәл әрі әділ тіркеуге арналған KPNP компаниясы ұсынған жаңа электронды қолғаптар қолданылады», - деп түсіндірді комитет.

Сондай-ақ аталған халықаралық дода аясында алғаш рет Дүниежүзілік таеквондо федерациясының көрсетілім тобы Қазақстанда өнер көрсетеді.

Жүлде қоры қанша?

Аталған іс-шараға Дүниежүзілік таеквондо федерациясының президенті доктор Чунгвон Чо, Азия таеквондо одағының президенті мен World Taekwondo кеңесінің мүшелері қатысады. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 15 808 000 теңге.

Бұл турнир елімізде 2026 жылы өтетін Гран-при финалына дайындықтың бір бөлігі ретінде және 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуге ұсынылатын ресми өтінім алдындағы таныстыру іс-шарасы ретінде қарастырылады.