Александр Бублик Швейцариядағы ATP турнирін жеңіп алды

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол алғаш рет топырақтағы ATP 250 турнирінде чемпион атанды

Фото: ktf.kz

Қазақстандық теннисші Александр Бублик өзінің кәсіби мансабында алғаш рет топырақ жабындысында ATP турнирінің жеңімпазы атанды. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

ATP 250 санатындағы жарыс Швейцарияның Гштаад қаласында өтті. Финалдық кездесуде әлемнің 34-ракеткасы Бублик аргентиналық Хуан-Мануэль Серундолоны (ATP №109) үш сетте – 6:4, 4:6, 6:3 есебімен ұтты.

Бұл – биылғы маусымдағы екінші жеңісі

Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше:

  • Бублик соңғы 16 матчтың 14-інде жеңіске жеткен;
  • Бұл – оның 2025 жылғы маусымдағы екінші жеңісі;
  • Сонымен қатар ATP аясындағы алтыншы жеке титулы.

«Александр Бублик соңғы 16 матчта тек екі рет жеңілген. Бұл – оның топырақ жабындысындағы алғашқы табысы», – делінген ресми хабарламада.

Бұған дейін жеңіске жеткен турнирлері

Александр Бублик ATP турнирлеріндегі жеңістерінің географиясын жыл сайын кеңейтіп келеді. Бұған дейін ол мына жарыстарда топ жарған:

  • ATP 250 Монпелье – 2022
  • ATP 500 Галле – 2023
  • ATP 250 Антверпен – 2023
  • ATP 250 Монпелье – 2024
  • ATP 500 Галле – 2025
  • ATP 250 Гштаад – 2025 (топырақ жабындысында алғаш рет).