Қазақстан ресми түрде өтінім берді
Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) президенті Марат Омаровтың мәліметінше, республика 2027 жылы УЕФА Суперкубогының немесе Конференция лигасының финалын өткізуге ресми өтінім жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Омаровтың айтуынша, УЕФА президенті Александр Чефериннің Қазақстанға сапары отандық футбол инфрақұрылымын дамыту мен халықаралық деңгейдегі турнирлерді ұйымдастыруда жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.
«Чеферин Қазақстанға алғаш рет келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Біз футболды дамыту мәселесі бойынша мазмұнды әрі терең әңгіме өрбіттік. УЕФА-мен біз күнделікті жұмыс істейміз – бұл біздің әдістемелік серіктесіміз, заманауи жобаларды, оның ішінде VAR жүйесін енгізуге көмектеседі. УЕФА бізге жыл сайын қаржылай қолдау көрсетіп келеді», – деді ҚФФ президенті.
Сәуір айының соңында өткен Чефериннің сапары аясында 2027 жылы УЕФА Конгресін Қазақстанда өткізу мүмкіндігі де талқыланды. Омаровтың айтуынша, қазіргі таңда Астана мен Алматы қалалары үміткер ретінде қарастырылып отыр. Сонымен қатар, жаңа стадиондар салынуда, ал алдағы жоспарлар қатарында – жастар құрамалары арасындағы U-21 және U-19 Еуропа чемпионаттарын қабылдау да бар.