Александр Бублик ATP 500 санатындағы турнирді жеңіп алды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Финалда ол ресейлік теннисші Даниил Медведевті жеңді

Фото: Olympic.kz

Қазақстандық теннисші Александр Бублик (№45) Германияның Галле қаласында өткен ATP 500 санатындағы турнирді жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Финалдық кездесуде ол ресейлік теннисші Даниил Медведевпен (№11) кездесіп, басым түсті. Алғашқы сетте 6:3 есебімен жеңіске жетті. Екі спортшы 3:3 есебімен тең келе жатса да, шешуші бөлігі Бубликтің пайдасына шешілді.

Екінші сет анағұрлым тартысты өтті: Медведев алға шыққанымен, Бублик үнемі есепті теңестіріп отырды. Нәтижесінде сет тай-брейкке ұласып, қазақстандық теннисші 7:6 (4) есебімен жеңіске жетті.

Ойын жалпы бір сағат 21 минутқа созылды.

Айта кетейік, Галледегі турнирде финалға дейін Бублик қатарынан үш сенсациялық жеңіске жетті. Ол әлемнің бірінші ракеткасы – италиялық Янник Синнерді (№1), чехиялық Томаш Махачты (№23) және ресейлік Карен Хачановты (№22) жеңді.

Турнирдің жалпы жүлде қоры – 2,52 миллион еуро (шамамен 1,51 миллиард теңге). Александр Бублик бұл турнирде бұған дейін 2023 жылы да жеңімпаз атанған болатын.

Осы жеңісінен кейін Александр Бублик рейтингте 30-орынға көтерілді. Бұған дейін ол 45-орында тұрған