Абылайхан Жүсіповті тістеп алған өзбек боксшысы алтынынан айырылып қалды (ВИДЕО)
Осылайша, қазақ босксшысы Абылайхан Жүсіпов Азия чемпионы атанды

Екі күн бұрын, 11 желтоқсанда Чианг Мэйде өткен Азия чемпионатында 71 келі салмақтағы қазақ боксшысы Абылайхан Жүсіпов Өзбекстан спортшысы Хавасбек Асадуллаевтан жеңілген еді. Алайда, бүгін IBA және ASBC ұйымдары алтын жүлдені Абылайханға алып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, Абылайхан Жүсіпов жекпе-жек аяқтала сала өзінің иығын суретке түсірген. Өйткені, өзбек спортшысы жекпе-жек кезінде оны тістеп алған болатын. Дәл сол сәтте төреші бұны елемей, жекпе-жекті жалғастыра берген.
«Қазақстан бокс федерациясы IBA және ASBC ұйымдарына наразылық хат жолдады. Онда біз Хавасбек Асадуллаев жекпе-жек кезінде ережені өрескел бұзған. Шаршы алаңдағы төреші Джована Угренович (Сербия) бұл сәтте ешқандай ескерту жасамаған. Біз дәлел ретінде фото және видео материалдар ұсындық», - деп жазған бокс федерациясы.
Осы арызды қараған IBA және ASBC ұйымдары осы салмақтағы ақтық сынды қайта қарастырып, 71 келіде Абылайхан Жүсіповті Азия чемпионы деп таныды.