«Бюджеттен 44,8 млрд теңге бөлінді»: «AMANAT» партиясында бұқаралық спортты дамытудың проблемалары талқыланды

Автор: Аягөз Құрмаш

Биыл 240 мыңнан астам бала 7 мыңнан астам спорт секцияларына тегін қатысқан

Фото: Azattyq Ruhy

«AMANAT» партиясы жанындағы республикалық жастарды қолдау кеңесінің кезекті отырысында Қазақстандағы балалар спорты және бұқаралық спорт проблемалары талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

«Спорт – тек денсаулықтың кепілі ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақты тәртіпке, жауапкершілікке, күш-жігерге баулитын маңызды құрал. Дені сау, рухы мықты ұрпақ тәрбиелеу – елдің болашағына салынған ең құнды инвестиция. Бірақ, өкінішке қарай, осы салада бірнеше күрделі мәселелер бар. Бүгін біз осы мәселелерді талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын іздестіру үшін жиналып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне айрықша назар аударуды, спортқа, оның ішінде балалар спорты және бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлу қажет екендігін айтып келеді», - дейді Нартай Сәрсенғалиев.

Оның айтуынша, бұқаралық дене шынықтыру Олимп шыңын бағындыратын жаңа чемпиондардың бірінші сатысына айналу керек. 

«Алайда соңғы өткен 2 жазғы Олимпиада ойындары бұл бағыт бойынша жүйелі жұмыстың жоқтығын анық көрсетті. 2019 жылғы Жолдауында Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керектігін айтқан болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қаулысымен бекітілді. Осы жоспарға сәйкес, мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді. Қазіргі таңда әр аймақта әр түрлі («DamuBala», «ArtSport», «DaraBala») аталатын бұл бағдарламалардың қаншалықты тиімді іске асып жатқанын, мемлекеттік тапсырыстың сапалы орындалуын тексеретін арнайы механизм де, мониторингтік топтар да жоқ», - дейді депутат.

Еске салсақ, биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 2 қыркүйегіндегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырғанын, жастарымыздың дені сау, мықты азамат болып өсуі және ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорт саласындағы заңнаманы жаңарту қажеттігін айтқан болатын.

Өз кезегінде туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Қазақстанның спорт саласындағы мемлекеттік саясатының басымдықтарының бірі бұқаралық спортты дамыту екенін айтты.

«Спортты халық арасында насихаттау – салауатты ұлттың негізі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша спортпен үнемі айналысатын азаматтардың үлесі 40,4% - ға жетті, бұл 8 миллионнан астам адамды құрайды. Балалар мен жасөспірімдер үшін бұл 27% құрайды (бұл 3,8 миллион адам). Біздің мақсатымыз-бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 45% дейін арттыру. 2023 жылы Үкімет спортты дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті. Қазір мектептерде 49 мыңнан астам спорт секциясы жұмыс істейді, онда 1,3 млн-ға жуық бала спортпен айналысады. Мектеп ұйымдарынан тыс – 3 мыңнан астам секцияларда 450 мың бала қатысады», - дейді Жарасбаев.

Вице-министр атағандай, қазір елімізде 260 мыңнан астам бала қатысатын 780-нен астам балалар мен жасөспірімдер клубы жұмыс істейді.

«Елімізде 510 спорт мектебі жұмыс істейді, онда 403 мыңнан астам бала спортпен шұғылданады. Сондай-ақ, 6 мың баланы қамтитын олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернаттары жұмыс істейді. 2021 жылы іске қосылған жан басына шаққандағы қаржыландыру шеңберінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша 240 мыңнан астам бала 7 мыңнан астам спорт секцияларына тегін қатысты. Бұған жергілікті бюджеттен 44,8 млрд теңге бөлінді. 2025 жылы біз осындай балалардың санын 300 мыңға, ал секциялар санын 10 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз.Біздің маңызды міндеттеріміздің бірі-сапалы спорттық инфрақұрылымды қамтамасыз ету. Соңғы жылдары бүкіл ел бойынша көптеген спорт нысандары салынды және жаңартылды, бірақ бұл жұмыс жалғасуда. Спорттық жабдықтар мен мүкамалдар жетіспейтін ауылдық мектептерге назар аудару өте маңызды», - дейді вице-министр.

Вице-министрдің айтуынша,қазір жастар арасында қозғалыстың жоқтығы бұқаралық спорттың дамымауына әсер етіп отыр.

«Бұл компьютерлендіру мен интернеттің кері әсері. Жағдайды өзгерту үшін мектеп пен студенттік спортты, жұмыс орындарында және тұрғылықты жерлерде жаппай дене шынықтыруды дамыту қажет.Тағы бір маңызды мәселе - мектептерді, әсіресе ауылдық жерлерде, спорттық жабдықтармен жеткіліксіз жабдықтау болып қала береді. Әр мектепте спорт клубтары мен мамандандырылған спорт сыныптарын құру маңызды. Бұл қол жетімді және танымал спорт түрлері бойынша мектеп лигалары мен бұқаралық жарыстар ұйымдастыруға мүмкіндік береді.Осы міндеттерді шешу үшін бізге білікті мамандарды тарту, кадрларды даярлау мен қайта даярлауды жақсарту, сондай-ақ спорт саласындағы мамандарды оқытуға мемлекеттік тапсырыстарды көздеу қажет», - дейді ол.

Вице-министр атағандай, инфрақұрылымды дамыту мәселесі де маңызды.

«Дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу, қолданыстағы спорт нысандарын реконструкциялау және мектептерді спорттық мүкәммалмен қамтамасыз ету — спорттың бұқаралығын арттыру жолындағы маңызды қадамдар», - дейді Жарасбаев.

Айта кетейік, отырыста өңірлердегі жергілікті атқарушы органдар да осы мәселе бойынша есеп берді.