Туризм министрлігі V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының деректерін жария етті
Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқан ең жас спортшы – 10 жастағы Хамза Амангелді болды. Ал, Испаниядан келген Соледад Хименес Каррион жарыстағы жасы ең үлкен мергенші атанды. Туризм және спорт министрлігі V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қорытындылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«8-13 қыркүйек аралығында Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 90-ға жуық мемлекеттен 2500-ге тарта спортшы қатысты. Алты күнгі аламанда Ұлттық құрама спортшылары 43 алтын, 32 күміс, 37 қола (жалпы 112 медаль) жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленді. Ойындарда жалпы саны 33 елдің спортшысы медаль алды. Жүлде алған мемлекеттер қатарында мұхиттың арғы бетінен келген Канада мен Мексика өкілдері де бар», - деп жазады министрлік.
Дереккөзге сүйенсек, жарыстағы қазақ күресіне 44 елден 294 балуан қатысқан. Ең көп көрермен жинаған жарыстар, ол - көкпар мен көкбөрі. «Қазанат» ипподромында өткен екі сайыстың да финалдық бәсекесін 20 мың жанкүйер тамашалаған екен.
«Ойындарға қатысқан ең жас спортшы - Хамза Амангелді. Аламан бәйгеде бақ сынаған Хамза небәрі 10 жаста. Ең егде жастағы спортшы - 80 жастағы испаниялық Соледад Хименес Каррион. Ол дәстүрлі садақ ату сайысында өнер көрсетті. Спортшылар мен делегация өкілдеріне 1600 волонтер көмек көрсетті. Оның ішінде 20 шетелдік ерікті бар», - деп жазады министрлік.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жалпы саны 499 бас жылқы қатысты. Сонымен қатар, министрлік жарыстарға 41 құс қатысқанын хабарлады.