Екі күннен кейін Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мәресіне жетеді
Бүгін, 11 қыркүйек күні Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қандай спорт түрлері бойынша жарыстар өткізілетіні белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгін спортшылар спорттың 11 түрінен сынға түседі.
«Қазанат» ипподромында түске дейін көкпардан жартылай финал ойындары өтеді. Сол жерде түстен кейін көк бөріден А тобындағы, 2-3 командалар В тобындағы 5-6 командалар күш сынасады. Қазақстан ұлттық құрамасы сағат 11.00-де Ресей командасымен кездесіп, финалға жолдаманы сарапқа салады.
Powerful nomad-тан сағат 10:00 – 13:00-ден іріктеу кезеңі, абсолютті салмақ санатында ерлер сайысы және 16:00 – 18:00 финалдық кезең өткізіліп, жарыс соңында марапаттау рәсімі өткізіледі. Бұл спорттан Азамат Мақұлбеков сынға түседі.
Этноауылда жамбы атудан сайыстар өтеді. Оған жиыны 11 топ қатысады, марапаттау рәсімі сағат 19:00 – 20:00 аралығында. Қазақстан құрамасы сапында Айтбек Сарыбай, Ералхан Айкөз, Батыр Бексауыт, Абзал Тулыбеков өнер көрсетеді.
Қазақстандағы ең ірі «Арғымақ» көпсалалы ат спорты-сауықтыру кешенінде дәстүрлі садақ атудан жамбы стилінен сағат 10:00 – 13:00 іріктеу кезеңі, сағат 16:00 – 18:00 финалдық кезең өткізіліп, соңында жеңімпаздар марапатталады. Қазақстан құрамасы сапынан 10 спортшы қатысады. Әйелдер: Динара Жақсылықова, Фариза Сабыржан, Айкөркем Батихан және Ажар Төлеуқанова. Ерлер: Ербол Тапенов, Бақберген Сәлімов, Қасымхан Қанат, Марат Бексұлтан, Мақсат Әбдікерімов және Жәнібек Құлмырзаев.
Ж. Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында 10:00 – 13:30-да қырғыздың ұлттық белбеу күресі алыштан ерлерде классикалық стиль, әйелдер арасында еркін стильде іріктеу кезеңі өтеді. Ерлер -60, -70, -80, -90, 100 келіге дейін, +100 келіден жоғары салмақта, әйелдер -55, -60 , -65, -70, 75 келіге дейін, 75 келіден жоғары салмақта күш сынасады. Сағат 16:30 – 19:00 финалдық кезең, 19:00-де марапаттау рәсімі.
«Алау» мұзайдын сарайында 10:00 – 13:30-да арқан тартудан ерлер -720 келі, әйелдер -560 келіде іріктеу кезеңі өткізіледі. 16:30 – 19:00 финалдық кезең, соңында марапаттау рәсімі. Ерлер арасындағы сынға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан және Англия құрамасының 87 спортшысы қатысады. Әр құрамадағы спортшылардың салмағының қосындысы 720 келіден асып кетпеу керек. Ал әйелдер арасында (560 келі) 4 құрама тіркелді. Олар, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан. Ал жүлделі орындар сағат 17.30-да сарапқа салынады. Ұлттық құрама сапында Ермек Жапишев, Азамат Уалиев, Дінислам Шакиртов, Руслан Жамбулов, Дамир Байгонов, Станислав Пеняев, Артем Супанев, Даурен Шарипов, Тимур Ендоянов, Алмас Жүніс бар. Әйелдер құрамасы: Айгерім Жұманова, Айжан Бейсебаева, Аңсаған Шаяхметова, Разия Мұсабаева, Алия Шакирова, Айнұр Сүйіндікова, Нұрсәуле Рахматуллина, Мадина Шыңғысбаева, Ақжан Қайырбаева, Айнагүл Байжігітова.
«Алау» мұз сарайында сағат 10:00 – 13:00 мен 16:00 – 18:00 аралығында асық ату мен бес асықтан финалдық ойындар, кешке 18:00 да марапаттау рәсімі өткізіледі. Бес асық сайысында Қазақстан әйелдер құрамасы Ресейге қарсы өнер көрсетеді. Асық атудан ел намысын Нуркисса Молжігітов, Жомарт Нұрланов, Керім Жаздықбай, Амандос Айткұлов, бес асықтан Перизат Елемес, Камила Даниярова, Сания Әскер және Көгершін Думан қорғайды.
«Думан» қонақ үй және спорт кешенінде тоғызқұмалақтан финалдық кезең 10:00 – 13:00 аралығында өтеді. Тоғызқұмалақтан ұлттық құрама сапында Бексұлтан Бостандықов, Ерсұлтан Әуелбай, Мөлдір Серікқызы және Қожанасыр Аңсағандар бар.
Этноауылда теңге ілуден мандаттық комиссия отырысы өткізіліп, аттарды іріктеледі, сондай-ақ төрешілер алқасының отырысы мен өкілдер мен жаттықтырушылар жиналысы өткізіледі.
Құсбегілік сайысы бойынша бүгін мандаттық комиссия, төрешілер алқасының отырысы мен өкілдер мен жаттықтырушылар жиналысы болады.