Қосшыда волейболдан турнир өтті

Автор: Azattyq Rýhy

Спорт шарасы Конституцияның 30 жылдығына арналды

Фото: Қосшы қаласының әкімдігі

Қосшы қаласында Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 30 жылдығына және 30 тамыз Конституция күніне арналған волейбол турнирі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жарысқа қалалық соттың «Әділет», әкімдіктің «Жас қыран», Қоғамдық кеңестің «Кеңес», Полиция бөлімінің «Қорған», Меншік иелерінің бірлестігінің (ОСИ) «Жалын», Төтенше жағдайлар бөлімінің «Құтқарушылар», Кірістер басқармасының «Сарыарқа», Тайтөбе ауылының «Тайтөбе», мектеп-гимназиясының «Гимназия», Білім бөлімінің «Білім» командалары және «АLAN» құрама командасы мен жарысты ұйымдастырушы қалалық мәслихаттың «Бірлік» командасы қатысты.

Мәслихат депутаты, кәсіпкер, қоғамдық-бұқаралық іс-шаралардың басы-қасында жүретін Сәбит Дүкенбаевтың демеушілігімен ұйымдастырылған жарысты қала әкімі Гайдар Қасенов, мәслихат төрағасы Әлихан Қуатбеков, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Айдын Төребаев құттықтау сөздерімен ашып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

Жандарына спортты серік еткен ұжымдар қала әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлының төрағалығымен өткен жеребе тарту рәсімінде өзара екі топқа бөліне отырып сынға түсті. Спорт нұсқаушысы Махмұт Тулақов бас төрешілік еткен сайыс қаладағы мектеп-гимназиясы мен «Алан» денешынықтыру-сауықтыру кешенінде өтті. Тартысқа  толы волейбол додасында қалалық білім бөлімінің «Білім» командасы 1-орын иегері атанса, мектеп-гимназиясының «Гимназия» командасы тек финалда сүрініп 2-орынға ие болды. Ал, МИБ (ОСИ) төрағаларынан құралған «Жалын» командасы үздік үштіктен көрінді.

Сайыс жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар мен бағалы жүлделер табысталса, барша қатысушылар естелік «Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына» арналған естелік медальдарға ие болды.

Мәслихат депутаттарының қоғамдық-бұқаралық спортты насихаттау бағытындағы іс-шаралары алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.

Айта кетсек, жергілікті өкілді орган – мәслихаттар туралы Заң 1993 жылы 10 желтоқсанда қабылданды.  Қосшы мәслихаты қала тұрғындары сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны жүзеге асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыратын сайланбалы орган. Қосшы мәслихатында 2023 жылы сайланған 12 депутат бар.  Олар өз  жұмыстарын жақсы деңгейде жүргізуде. Ерекше айта кететін жайт, былтыр Қосшыда қалалық мәслихат депутаттарының демеушілігімен «Бірлік» аллеясы ашылды.

Тегтер: