Шахмат, футбол, самбо: өткен аптада ел спортшылары қандай жүлделерге ие болды

Автор: Молдатай Сымбат

Бибісара Асаубаева Тбилисиде күміс жүлде жеңді

Фото: https://www.instagram.com/bibisarachess/

Өткен аптада ел спортшылары бірнеше спорт түрінен жарқын жеңіске жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шахмат: Бибісара Асаубаева Грузия астанасы Тбилисидегі Гран-при кезеңінде 5,5 ұпай жинап, күміс жүлдеге қол жеткізді. Ол соңғы турда Вейшали Рамешбабумен (Үндістан) тең түсті.

Байдарка мен каноэде есу: Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен әлем чемпионатында каноэде 500 метрге ескек есуде отандасымыз Мария Бровкова мәреге үшінші келіп, қола медаль жеңіп алды. Оның уақыт көрсеткіші – 2:09.731 секунд.

Велоспорт: Тректегі велоспорттан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында (Қытай) қазақстандық велоспортшы Данияр Шаяхметов күміс медаль иеленді. Велошабандоз кейрин бағдарламасында сынға түсті.

Күрес: Амманда (Иордания) өткен күрес түрлерінен 17 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық палуандар 3 күміс, 4 қола медаль жеңіп алды.

Каратэ: Филиппин астанасы Манилада мәресіне жеткен WKF каратэден жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында жерлестеріміз 4 алтын, 6 күміс, 4 қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте үздік үштіктен көрінді.

Самбо: Қырғызстанның Шолпан-ата қаласында өткен самбодан Әлем кубогінде Қазақстан құрамасының спортшылары 2 алтын, 5 күміс, 10 қола медаль еншіледі.

Футзал: Қазақстан құрамасы Өзбекстанда өтетін әлем чемпионаты қарсаңында елордада Тәжікстан футзалшыларымен екі мәрте жолдастық кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті. Алғашқы матч 3:0 есебімен, екінші ойын 4:3 есебімен Қазақстан құрамасының пайдасына аяқталды.

Аралас жекпе-жек: Пәкістанның Лахор қаласында ұйымдастырылған Азия чемпионатында отандастарымыз 7 алтын, 9 күміс және 10 қола жүлдеге ие болды.