Иорданияда Қазақстан балуандары 2 күміс жеңді

Автор: Молдатай Сымбат

Күрес түрлерінен әлем біріншілігі өтіп жатыр

Фото: t.me/olympickz/

Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем біріншілігінде Қазақстан қоржынына екі күміс медаль түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Грек-рим күресінен 51 келіде финалға шыққан Алпамыс Болатұлы ақтық сында америкалық Джэйден Рэйниден 5:7 есебімен ұтылып, күміс медаль иеленді.

Сондай-ақ, 80 келіде белдескен Еркебұлан Анапия финалда нейтралды спортшы Михаил Шкаринге 0:3 есебімен жол берді. Еркебұлан да әлем біріншілігінің күмісін иеленіп отыр.

Ал 48 келіде қола медальға таласқан Едіге Төлеутаев 1:3 әзербайжандық Амрах Амраховтан ұтылды.