Демеу Жадыраев анасымен бірге Жетісу облысының әкімі сыйлаған жаңа үйге барды (ФОТО)

Автор: Молдатай Сымбат

Жадыраевтар отбасы жаңа үйге көшуді бастады

Фото: Жетісу облысы әкімдігі

Париж Олимпиадасының күміс жүлде иегері Демеу Жадыраев анасымен бірге Жаркент қаласындағы жаңа үйге барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үйді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев сыйға тартқан.

«Облыс әкімі Күлипа Бижановаға Қазақстанның мақтанышына айналған батыр ұлды тәрбиелеп өсіргені үшін алғыс айтып, тұрғын үй кілтін салтанатты түрде тапсырды.

Жаңа үй заманауи жиһаздармен, тұрмыстық техникамен толық жабдықталған. Бұл өз кезегінде Күлипа Бижанованың қолайлы жағдайда өмір сүруіне үлкен септігін тигізеді. Демеу Жадыраев бұл үйдің анасына жылы ұя, жайлы мекен, ал өзі үшін қуана-қуана келетін сүйікті шаңырағы болатынын атап өтті», - деп хабарлады әкімдік.

«Алып анадан туады», халқына лайықты перзент бола білген осындай ер азаматты тәрбиелеп өсіргеніңіз үшін ең алдымен, Демеудің анасы, Сізге алғысымызды білдіреміз. Құрметтің үлкені, сыйдың төресі ең бірінші анаға жасалуы керек», - деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

Жадыраевтар отбасы жаңа үйге көшуді бастады.

Сонымен қатар, грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Демеу Жадраевқа Toyota Land Cruiser маркалы автокөлік сыйға тартылды. Күміс жүлдегердің бірінші жаттықтырушысы Жұмахан Тұрғамбеков пен жеке жаттықтырушы Боранбек Қоңыратовқа да автокөліктер сыйға тартылды.