Париж-2024: Батырхан Төлеуғалидің бапкері сұхбат берді

Автор: Молдатай Сымбат

Нұрсұлтан Мамаев таеквондошылар додасын қорытындылады

Фото: ҰОК

Таеквондодан Қазақстан командасының аға жаттықтырушысы Нұрсұлтан Мамаев Париж Олимпиадасын қорытындылап, спортшылардың өнеріне баға берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«58 келідегі Самирхон Абабакиров бұл Олимпиадаға алтын алады деп келгенбіз. Себебі, оның ең басты қарсыласы италиялық спортшы болатын. Соңғы Олимпиаданы, әлем чемпионатын, Еуропа біріншілігін жеңіп алған атлет сол еді. Самирхонды жеңілді деп айта алмаймын. Соңғы секундтар ғана шешіп кетті. Оның қалай айқасқанын көрдіңіздер. Тәжірибесі де, шеберлігі де жоғары. Енді біз Абабакировты 68 келіге ауыстырамыз», - деді Нұрсұлтан Мамаев.

Таеквондодан Қазақстан командасының мүшесі Самирхон Абабакиров Париж Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жекте жеңіліс тапты.

«Ал Батырхан Төлеуғали тым жас спортшы. Ол мұндай үлкен ареналарды әлі көрмеген. Жақында Симоне Алессиомен кездесіп, терезесі тең өнер көрсеткен. Өкінішке қарай, бүгін есе жіберді. Бұл жігіттерді келесі Олимпиадаға дайындаймыз», - деді Мамаев.

Батырхан Төлеуғали 1/8 айналымда әлем чемпионынан жеңіліп қалды.

Айта кетейік, жеңіл атлетикадан финал бүгін Астана уақытымен 23:57-де басталады