Отандасымыз 18 жасынан бастап Олимпиададан жүлде алуды армандағанын айтты
Қазақстандық гимнаст Нариман Құрбанов 2024 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдесін жеңіп алды. Ол спорттық гимнастикадан жазғы ойындарда жүлде алған тұңғыш қазақстандық спортшы атанды. Отандасымыз 18 жасынан бастап Олимпиададан жүлде алуды армандағанын айтты. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Olympic.kz.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ол күміс жүлдегер атанғанын әлі толықтай сезіне алмай отырғанын айтып күлді.
«Қазір ойымнан шатасуым мүмкін (күлді). Мен снарядқа келдім де комбинация басталар алдында бар жұмысты денеме арта салдым. Мимен ештеңе ойламай, тек соңына дейін жаттығуды орындай бердім.
Мұның бәрінен қалай өткенімді өзім де түсінбей тұрмын. Ұзақ жылдар бойы жасап жүрген комбинацияны автоматты түрде орындап шықтым», – дейді отандасымыз.
Айтуынша, ылғи психологиялық тұрғыда жеңіліп қалады екен.
«Қазіргі олимпиадалық циклді есепке алар болсақ, мен бағдарлама соңында жиі құлайтынмын. Бұл менің техникалық немесе тактикалық тұрғыдағы кемшілігім емес. Психологиялық тұрғыдан беріліп қоятынмын. Бүгін бар тәжірибемді жинап, ең маңызды турнирде білгенімді түгел орындадым.
Өзімнің спорттық карьерамда бағдарламаны бірінші де, соңғы да болып орындайтынмын. Менің бүгін ортаға бірінші шығып, алғаш боп атқа жақындағанымның ең үлкен артықшылығы – қарсыластардың бағасын көрмегенім. Осы жағынан қысым болмады. Егер мен ирландиялық спортшының 15,5 ұпай алғанын көрсем, қобалжи бастаушы едім.
Желіден Олимпиада медалін таныстырған соң, сол суретті сақтап қойдым. Осы маусымдағы әрбір жарыс алдында суретке қарап, армандайтынмын. Олимпиададан жүлде алу бала кезден бергі арман емес. 18 жасыма қарай жазғы ойындарға қатысып, жүлде алуға асыға бастадым. Мақсат қойдым. Сол мақсатқа жету үшін жұмыс істедім. Елімізде бұл медальді қалай қабылдайтынын, халықтың қалай қуанып жатқанын жақсы түсінемін. Қазір бұл медальді ұстағаннан гөрі, еліміздің қуанып жатқанын көру мен үшін үлкен бақыт», – деді Құрбанов.