Ол – Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері атағына ие болған тұңғыш қазақ зілтеміршісі
Ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы болған Алмаз Өтешов «Уақыт көрсетеді» подкастында қиын сәттерді бастан кешіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алмаз Өтешов журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың сұхбатына әрең келіскен көрінеді. Оның сөз саптауына, отырған отырысына қарап, түңіліп жүргенін байқауға болады. Сөзіне қарасақ, кезінде оның жетістігіне қуанғандар қиын сәтте жанынан табылмаған екен.
«Ердің басына не келіп, не кетпейді... Ер басына күн туса, етігімен су кешер деген мәселе болып жатыр. Бұл қазақ көтерілсек, қолпаштап, сүрінсек, жек көреді екен. Қолымнан келгеннің бәрін істедім, 230 келі зіл темірді көтеру оңай емес», - деген ол денсаулығынан айырылдым деп отыр.
Дәлірек айтсақ, белі, тізесі ауырады. «Билік көтерілген кезде қолпаштайды да төмен түскен кезде жаныңда ешкім болмайды» деген Алмаз Өтешов өзіне қол жұмсап өлген ауыр атлет Владимир Седов «осы қиындықтарға шыдамай өлді» деген ойын мәлімдеді.
«Кезінде бәріміз сол зіл темірді көтердік қой. Илья Ильин бар...Ал, Владимир шыдамай асылып өліп қалды. Неге? Қалай? Бізді үкімет кезінде пайдаланды. Туды көтердік. Одан кейін ешкім болмай қалдық. Қанша денсаулығымызды бердік, омыртқадан омыртқа қалмады, тізеден тізе қалмады. Қазір мен үкіметтен ешқандай өтемақы алып жатқан жоқпын. Қызылордадан үш бөлмелі пәтер берді. Болды. Қазір Алматыда күзетші болып жүрмін», - дейді Алмаз Өтешов.
Өтешов кезінде бизнес бастамақ болып, 10 миллион теңге көлемінде несие алғанын айтады. Бірақ, соны төлей алмай жүр. Осы несиенің салдарынан алғашқы әйелімен де, екінші әйелімен де ажырастым дейді.