Олимпиада алтынынан кейін Қазақстанда Елдос Сметовтің жеңісіне «ортақтасқандар» көбейді

Автор: Аубакирова Нургуль

Отандасымыз Парижде Олимпиада чемпионы атанды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Дзоюдошы Елдос Сметовті Париж Олимпиадасындағы жеңісінен кейін ел ішінде әркім өз жағына тартып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өткен демалыста Елдос Сметов Олимпиада шыңын бағындырып, Қазақстан қоржынына алғашқы алтын салды. Парижден жеткен қуанышты хабар барша қазақ еліне ерекше мақтаныш сыйлағаны рас. Олимпиада алтынынан кейін Елдос Сметовтің жеңісіне ортақтасып, өз атын жарнамалағандар да табылды.

Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Париж Олимпиадасының чемпионы атанған Елдос Сметов ҚазҰУ түлегі екенін еске салды. 

"Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, дзюдодан Қазақстан командасының белді мүшесі Елдос Сметов Париж Олимпиадасының чемпионы атанды. Бұл - еліміздің осы әлемдік додадағы алғашқы алтын медалі", - деп жазды университет өз парақшасында.

Сметов Биология және биотехнология факультетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығын бітірген.

Ішкі істер министрлігіне қарайтын Ұлттық ұлан да «Ұландық офицер Парижде алтын алды!» деп жар салды.

«ҚР ІІМ Ұлттық ұланының спорт командасын даярлау орталығының әскери қызметшісі капитан Елдос Сметов Франция астанасында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өтіп жатқан 2024 жылғы жазғы Олимпиадада дзюдодан алтын медаль жеңіп алды», - деп хабарлады Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.

Сметов Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік берген ішкі істер министріне ризашылығын білдірген.

«Естеріңізде болса, Рио-де-Жанейродағы алғашқы Олимпиадада мен финалға шыққан едім, бірақ жеңілдім және марапаттау рәсімінде қарсылас елімнің Әнұраны шырқалды. Сол кезде мен Олимпиада ойындарында жеңісімнің құрметіне Қазақстанның Әнұраны шырқалатын сәтті елестетіп көргенмін. Бүгін сол арман орындалды. Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденовке және Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановқа еліміздің атынан Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіргім келеді», - деді Елдос Сметов.

Елдос Сметов – Олимпиада ойындарының үш бірдей медалін жеңіп алған қазақ. Дзюдошы 2016 жылы Рио-де-Жанейрода күміс, 2020 жылы Токиода қола, ал биыл Парижде алтын иеленді.

Қолданыстағы заңнама бойынша Олимпиада чемпионына 250 000 доллар беріледі.